АҚШ президент сайлау жүйесінің көпшілік түсіне бермейтін ерекшеліктері бар. Үміткерлер біресе праймериз, біресе кокус дейтін науқанға қатысып жатады. Ал сайлау күні халықтың басым дауысына ие болған үміткер жеңіліп қалуы мүмкін. Азаттық АҚШ-тағы президент сайлауының ерекшеліктерін қарапайым сөздермен түсіндіреді.
БИЫЛҒЫ САЙЛАУ ҚАШАН ӨТЕДІ?
Биылғы сайлау 3 қарашада өтеді.
АҚШ заңнамасына сәйкес, президент сайлауы қарашаның бірінші дүйсенбісінен кейінгі бірінші сейсенбісінде өтеді. Яғни, 1 қараша сейсенбі болса, сайлау күні 8 қарашадағы сейсенбіге түседі.
АҚШ ПРЕЗИДЕНТІНЕ КІМДЕР ҮМІТКЕР БОЛА АЛАДЫ?
АҚШ-та туып, бірден осы елдің азаматы атанған, осы елде кемі 14 жыл тұрған, 35 жастан асқан кез келген азамат АҚШ президентігіне үміткер бола алады.
Үміткерлерге қойылатын талап Конституцияның 2-бабында жазылған. Конституция қабылданған 1787 жылы АҚШ азаматтарының орташа өмір сүру уақыты 40 жыл шамасында болған. Ол кезде 35 жасқа толғандар кемеліне жеткен адам саналған.
КАНДИДАТТАР ТЕК ЕКІ ПАРТИЯДАН ШЫҒА МА?
Жоқ. Демократиялық партия мен Республикалық партиядан өзге Либертариан партиясы мен Жасылдар партиясы да өз үміткерлерін ұсынады.
1869 жылдан бастап АҚШ президенттері не Республикалық не Демократиялық партияның өкілі болған. Сайлау додасы әдетте осы екі партияның өкілінің арасында жүреді. Алайда президент сайлауына үшінші тараптың өкілдері де түсе алады. Кейінгі сайлауларға үшінші тарап үміткері ретінде Либертариан партиясы мен Жасылдар партиясының өкілдері қатысып келеді. Оларға берілетін дауыс әдетте 1-2 пайыз шамасында болады. Бірақ 2016 жылғы сайлауда либертариан Гари Джонсон дауыстың 3,3 пайызын (4,4 миллион дауыс) алды.
ПРАЙМЕРИЗ, КОКУС, ПАРТИЯ СЪЕЗІ НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?
Президент сайлауына бір партиядан бірнеше адамның түсуі партияның өзіне тиімсіз. Себебі сайлаушылардың дауысы осы үміткерлер арасында қақ бөлініп, бәсекелестің жеңуі жеңілдей түседі. Сол себепті додаға түскен негізгі екі партия алдымен партия ішінде сайлау өткізеді. Партия ішіндегі сайлаудың праймериз және кокус деген екі түрі бар. Штаттың ішкі ережесіне сәйкес, не праймериз, не кокус, не екеуі де қолданылады. Бұл науқан сайлау өтетін жылы қаңтардың соңында не ақпанның басында Айова штатындағы кокустан басталады.
Жаз басында ішкі сайлаудың жеңімпаздары анықталып, партия съезі өтеді. Партия ресми үміткерін осы съезде жариялайды.
ПРАЙМЕРИЗ БЕН КОКУСТЫҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ НЕДЕ?
Праймеризді штат, кокусты партия өткізеді. Праймериз қалыпты сайлауға ұқсайды: адамдар сайлау учаскесіне барып, бюллетень толтырады, бірнеше күннен кейін нәтижесі шығады. Кокус кезінде партия мүшелері белгілі бір жерге жиналып, сол жерде пікірталас жүргізіп, одан кейін дауыс береді, нәтижесі сол жерде белгілі болады. Бастапқыда партияның ресми үміткері негізінен кокустар арқылы анықталған. Бірақ кейінгі уақытта ел арасында праймериздер танымал бола бастап, штаттардың көбі науқанның осы түріне ойысқан.
БИЫЛҒЫ САЙЛАУДЫҢ НЕГІЗГІ ҮМІТКЕРЛЕРІ КІМ?
Демократиялық партияның съезі коронавирус пандемиясына байланысты бір айға шегеріліп, 17-20 тамыз күндері өтті. Партия Барак Обаманың екі мерзімінде де вице-президент болған Джо Байденді ресми түрде бас кандидат деп жариялады. 78 жасқа шыққан Байден вице-президент қызметіне үміткер ретінде сенатор Камала Харристі таңдады. Харрис – вице-президент қызметіне ұсынылған алғаш қара нәсілді азамат.
Екінші мерзімге сайланғысы келетін президент әдетте партия ішінде қарсылық көрмейді. Сол себепті АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамп Республикалық партияның праймериздері мен кокустарын қиналмай жеңіп шықты.
Республикалық партияның съезі 24-27 тамыз күндері өтіп, Трамп кандидат ретінде тіркелді. Трамп вице-президенттікке осы қызметті қазір атқарып отырған Майк Пенсті ұсынып отыр.
САЙЛАУДА ЕҢ КӨП ДАУЫС ЖИНАҒАН АДАМ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТЕ МЕ?
Жеңіске жету үшін сайлаушылардың ең көп дауысын жинау шарт емес. 2016 жылғы сайлауда демократ Хиллари Клинтонға 66 миллион адам, республикалық Дональд Трампқа 63 миллион адам дауыс берді. Бірақ президент болып Трамп сайланды. Мәселенің бәрі электоралды дауыс беру жүйесінде.
ЭЛЕКТОРАЛДЫ ДАУЫС БЕРУ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
АҚШ-та сайлаушылар үміткерге тікелей дауыс бермейді. Cайлаушы мен үміткердің ортасында электор дейтін аралық тұлға бар. Халық бюллетеньде үміткердің аты-жөнін белгілегенімен, алдымен осы электорларды сайлайды. Кейіннен бұл электорлар президентті сайлайды. АҚШ-та бар-жоғы 538 электор бар. Олардың саны конгрестегі өкілдер мен сенаторлардың қосындысынан тұрады. Конгресте 435 өкіл, 100 сенатор бар. Бұдан бөлек Колумбия округінде үш электор бар. Жеңіске жету үшін үміткерге 270 электордың дауысы керек.
Штаттағы электор саны ондағы халық санына байланысты әртүрлі болады. Халық саны жағынан ең ірі штаттар Калифорнияда 55, Техаста 38, Нью-Йоркте 29, Флоридада 29 электор бар.
Небраска мен Мэйннен өзге 48 штат "жеңімпазға бәрі бұйырады" ("the winner-takes- all system") қағидасы бойынша дауыс береді. Яғни, қандай да бір үміткер Калифорния штатындағы дауыстың 51 пайызын алса, 55 электордың дауысы түгелдей сол үміткерге беріледі. 2016 жылы Хилари Клинтон жеңіске жеткен штаттарда айқын басымдық көрсетіп, жеңілген штаттарда болмашы пайызға қалып қойғандықтан, көпшілік дауысқа ие бола тұра, жеңіліп қалды. Трамп Клинтоннан 3 миллионға кем дауыс алғанымен, оған 304 электордың дауысы бұйырды. Ал Клинтон бар болғаны 227 электордың дауысын алды. Мұндай жағдай АҚШ тарихында бес рет болған. Оның үшеуі 19 ғасырдың, екеуі 21 ғасырдың еншісінде. 2000 жылғы сайлауда демократ Альберт Горға 51 миллион, Джордж Бушқа 50,5 миллион адам дауыс берді. Бірақ Буш электорлар дауысы жөнінен озып кетті. Оған 271, Горға 266 электор дауыс берді.
БИЫЛҒЫ САЙЛАУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ НЕДЕ?
Коронавирус індеті АҚШ-қа ауыр тигендіктен, көптеген штат қашықтан дауыс беруді қарастырып отыр. Қашықтан дауыс беру пошта арқылы жүзеге аспақ. Сайлаушы ретінде тіркелген азаматтарға сайлау бюллетені жіберіліп, олар таңдауын жасаған соң бюллетеньді кері жібереді. АҚШ президенті Дональд Трамп хатпен дауыс беру алаяқтыққа жол береді деп, күдік келтіріп отыр. Ал демократтар қашықтан дауыс беруге мейлінше көп адамның қатысқанын қалайды. АҚШ басылымдарының жазуынша, демократтар хатпен дауыс беру кезінде тұрмысы төмен азаматтар мен ақ нәсілді емес тұрғындар сайлауға белсендірек қатысып, Демократиялық партияға дауыс беретіндер қатары артады деп сенеді.
АҚШ Пошта қызметі (USPS) сайлау қарсаңында артық салмақ түсіп, бюллетеньдерді уақтылы жеткізу қиындай түседі, салдарынан көп адамның дауысы есептелмей қалуы ықтимал деді. Өкілдер палатасының спикері демократ Нэнси Пелоси USPS басшысы Луис Ди Джойды Трамптың "серіктесі" деп атап, оны пошта қызметін қасақана баяулатып отыр деп айыптаған. Пелоси Трампқа да шүйлігіп, сайлау іріткі салып отыр деген айып тақты.
Осыған дейін Дональд Трамп эпидемиялық ахуалға байланысты сайлауды шегеру мәселесін қарастыруды ұсынған.