Reuters дереккөздері Путиннің келіссөзді бастау шарттары туралы айтты

Ресей президенті Владимир Путин Дональд Трамп қаңтарда АҚШ президенті қызметіне кіріскеннен кейін онымен Украинадағы атысты тоқтату мәселесін талқылауға дайын. Путин атап айтқанда, соғысты майданның қазіргі сызығында тоқтатуға келіседі, алайда орыс әскері басып алған украин жерінің басым бөлігінен бас тартпайды және Украина НАТО-ға мүше болмауы тиіс деген де шарт қойып отыр.

Бұл жөнінде сәрсенбі күні дереккөздерге сүйенген Reuters жазды. Дереккөздер арасында Ресейдің қазіргі және бұрынғы бес жоғары лауазымды өкілі бар.

Ақпаратқа түсініктеме берген Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Путин келіссөзге ашық, алайда соғысты қазіргі майдан сызығында тоқтатуға келіспейді деп жауап берген. Песковтың сөзінше, Ресей "арнайы әскери операцияның" мақсатына жетуге ұмтылады. Алайда 2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға басып кіре бастаған кезде Путин бұл мақсаттарды бұлыңғыр жеткізген. Кейін ол Украинаға жаңа талап қойды – Херсон, Запорожье, Донецк, Луганск облыстарынан бас тарту.

Reuters-тің жазуынша, Ресей билігі бұл облыстардағы шектеу сызығын талқылауға дайын және аз бөлігін ғана бақылауда ұстап отырған Харьков және Николаев облыстарынан әскерін әкетуге әзір. Ресей сонымен бірге Украина НАТО-ға қосылудан бас тартуы керек және толық бейтараптық ұстануы қажет деген шарт қойып отыр. Мәскеу Киевтің қауіпсіздігіне кепілдік беруге дайын деп айтылады. Ресей бұған қоса, Украинаның әскер санын шектеп, орыс тілінің елде қолданылуына кепілдік беруіне де күш салмақ.

Киев әзірге Reuters ақпаратына түсініктеме бермеген.

Украина Ресейден халықаралық дәрежеде мойындалған территориясынан әскерін толық әкетуді талап етіп отыр. Gallup компаниясы жүргізген сауалнама нәтижесі бойынша, Украина азаматтарының 52 пайызы - қандай да бір шарттарды орындаса да жылдам бейбітшілік келісіміне қол қоюды қолдайды. Жеңіске жеткенше соғыса беруді қолдайтындар 38 пайызға дейін азайған. Сауалнама қазан айында жүргізілген.

The Economist журналы сәрсенбі күні 2025 жылы жасалуы мүмкін бейбіт келісімнің ықтимал жобасын жасап көрген. Дереккөздерге сүйенген басылымның жазуынша, әскери қимылдар бейбіт келіссөз басталуына орай "аяқ астынан" тоқтауы мүмкін. Ресей аннексияланған Қырым мен кемінде Донбасс облыстаын бақылауда ұстап қалуы ықтимал.