WP: Байден Украинаға жаяу әскерді жоятын мина түрлерін жеткізуге рұқсат берді

АҚШ президенті Джо Байден Украинаға жаяу әскерді жоятын мина түрлерін жеткізуге рұқсат берді. Бұл жөнінде аты-жөнін айтпаған екі шенеунікке сүйенген The Washington Post басылымы жазды.

Олардың сөзінше, АҚШ президенті әкімшілігі украин әскерінің қорғанысын нығайту мақсатында осындай қадамға барған. Себебі Ақ үй Ресей әскерінің кейінгі апталарда украин бекіністеріне төндірген қатеріне алаңдайды және олардың қозғалысын бәсеңдету қажет деп санайды.

Өзге де жеткізілген оқ-дәрімен қатар миналар украин күштеріне "тиімдірек қорғануға ықпал етеді" деді басылымның дереккөзі.

Дегенмен дереккөздің айтуынша, АҚШ Украинаға белгілі бір уақыттан кейін өзінен-өзі жойылатын "тұрақсыз" миналар бермек, бұл бейбіт халықтың одан зардап шегу ықтималдығын азайта түседі. Украинаға берілетін миналар саны мен оларды жеткізу мерзімі белгісіз.

Бұған дейін Байден әкімшілігі жаяу әскерді жоятын мина түрлерін беруден бас тартып келген, себебі одан бейбіт халық зардап шегуі мүмкін деген қауіп айтылған.

Минаны беру туралы шешімді адам құқығын қорғайтын Human Rights Watch ұйымы сынады. Ұйым өкілі Мэри Уорхэм мина тіпті "жарамсыз" болып қалса да, бейбіт халыққа оның қаупі зор деп есептейді.

АҚШ қорғаныс министрлігінің өкілі ресейлік ТАСС агенттігіне берген сұхбатында Байден әкімшілігі Украинада жаяу әскерге қарсы мина қолдануды мақұлдағанын растаған.

The Washington Post басылымының жазуынша, АҚШ соғыс аяқталғаннан кейін Украинаны минадан тазартуға көмектесуге уәде берген.

  • Украина —жаяу әскерді жоятын минаны қолдануға тыйым салатын конвенция қатысушысы. Бұл құжатқа 1997 жылы 164 ел қол қойған. Ресей, АҚШ, Қытай және Үндістан оған қосылмаған. Конвенцияға мүше елдер минаның мұндай түрін ешқашан қолданбауға, өндіріп бермеуге және қолда бар миналарды жоюға уағдаласқан.
  • 2022 жылы Украина өз жеріне басып кірген Ресей әскеріне қарсы жаяу әскерді жоятын "Лепесток" минасын қолданған. Ресей әскері де оны алдыңғы майдан шептерінде жиі пайдаланады.
  • Залалсыздандырылмаған миналардан соғыс аяқталған жағдайда да адамдар өліп, мүгедек болып жатады.