Қазақстан үкіметі экономиканы тұрақты ұстап тұру үшін халықаралық банктен тағы қарыз алады. 20 қарашада мәжіліске тиісті заң жобасы түсті. Заң жобасы туралы мәжіліс депутаты Татьяна Савельева 20 қараша күнгі отырыста айтты.
"Аталған келісім 2024 жылы 11 қазанда Астана қаласында жасалған. Халықаралық қайта құру және даму банкі Қазақстанға 84,9 млрд иен көлемінде несиені 11 жылға береді. Қаражат жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджет тапшылығының бекітілген көлемі аясында ел экономикасының тұрақтылығын қолдау үшін жұмсалады" деді мәжіліс депутаты Татьяна Савельева.
"Власть" сайтының жазуынша, өткен отырыста мәжіліс Азия даму банкінен – 52,3 млрд иен, Азия инфрақұрылымдық инвестиция банкінен 52,7 млрд иен көлемінде несие алу туралы екі құжатты қабылдаған. Олар да ел экономикасының тұрақтылығын қолдауға жұмсалатыны айтылды.
Қазақстан ұлттық банкінің мәліметінше, 2024 жылдың 1 шілде күнгі ақпараты бойынша Қазақстанның сыртқы қарызының көлемі $166,6 млрд болған. Шамамен алты ай ішінде елдің сыртқы қарызы 3 млрд долларға артқан.
ПІКІРЛЕР