20 қарашада Астанада бір топ белсенді әділет министрлігіне барып, "Алға, Қазақстан" партиясын тіркеу жөнінде 25-рет өтініш тапсырды. Олардың өтінішін министрлік өкілдері қабылдап алды.
Белсенділердің сөзінше, жалпы үш мыңнан астам адамның қолы өткізілген, 1600-ы өздерін видеомен растаған.
"Алға, қазақстандықтар" бірнеше жылдан бері партияларын тіркете алмай жүр. Бұған дейін министрлік өкілдері құжаттары заң талаптарына сәйкес емес екенін айтқан. Бұған келіспеген белсенділер оларды сотқа берген.
Сәрсенбі күні белсенділер министрлік ғимаратындағы қоғамдық қабылдау бөлмесінде ақпарат құралдарына өздерін толғандырған мәселе туралы айтпақ болған кезде оларға полицейлер келіп, залдан шығуды сұрады. Олардың сөзінше, 102 нөміріне "жұмысқа кедергі жасап жатқаны жөнінде" хабарлама келіп түскен. Ал өтініш тапсырушылар "қаншама шенеуніктің Дубайдағы мүліктері туралы ақпарат шығып жатыр, неге соларды тергемейсіңдер, неге белсенділерді қудалайсыңдар?" деп ашуланды.
Қазақстанда "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясы әділет министрлігіне тіркелуге 20-дан астам өтініш түсірген, алайда министрлік бастама топ ұсынған құжаттарда қате барын айтып келеді. Партия өкілдері билік өздерін саяси себеппен тіркемей отыр деп санайды. Ресми Астана мұны жоққа шығарған.
Бастама топтың жетекшісі Марат Жыланбаев қазір "экстремизмді қаржыландыру" және "тыйым салынған ұйымның ісіне араласу" баптары бойынша бойынша түрмеде отыр. Құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқын" деп таныған. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары, арасында Amnesty International және Human Rights Watch та бар, Қазақстан билігін Марат Жыланбаевты босатуға үндеген. Бастама топтың кейбір мүшелері "тіркелмеген ұйымның ісіне араласты" деген айыппен әкімшілік жазаға тартылған.
ПІКІРЛЕР