Қазақстанда 1 АҚШ долларының ресми бағамы 500 теңгеге жақындап қалды. Астанадағы және өзге қалалардағы ақша айырбастау орындарында доллар құны 500 теңгеден асты.
18 қарашада Қазақстан қор биржасындағы сауда қорытындысы бойынша, доллардың орташа сараланған бағамы 497,89 теңге (алдыңғы көрсеткіштен 1,88 теңге көп) болды. Ұлттық банктің сол күнгі ресми бағамына сай, 1 доллар 495,95 теңгеге тең.
Kurs.kz дерегінше, дүйсенбі күні түстен кейін Алматы мен Астанадағы ақша айырбастау орындарында 1 доллар 500-502 теңгеден, ал Шымкентте 501 теңгеден сатылған. Семейде 1 доллар – 505 теңге, Ақтөбеде – 501 теңге, Ақтауда – 500 теңге, Оралда 504 теңге болған.
Доллар сатып алу бағасы орташа есеппен 497-499 теңге болды.
Қазақстандық экономист Арман Байғанов Азаттыққа берген пікірінде, АҚШ-та өткен президент сайлауында Дональд Трамп жеңіске жеткен соң теңге де әлсіреді деді.
"Трамптың үлкен басымдықпен жеңіске жеткені, республикашылардың cенат пен Конгресті басқара алатыны реформаларды жүзеге асыратын жағдайды жеңілдетеді. [АҚШ-та] тұрақты және біртұтас басшылық болған кезде, доллар әрқашан күшейіп отырады. Екінші мәселе – Трамп климат туралы келісімнен шығатыны жөнінде мәлімдегеннен кейін мұнай бағасы түсті, бұл да теңгенің әлсіреуіне әсер етті", – деді Арман Байғанов.
Сарапшы Қазақстанда кейінгі бірнеше жылда ұлғайған инфляцияны да теңгенің әлсіреуіне әсер еткен тағы бір маңызды фактор ретінде атады. Экономист қазіргі валюта бағамын "қазақстандық тауар өндірушілерді қолдауға мүмкіндік беретін бақылаудағы әлсіреу" деп сипаттады.
Қазан айында теңге бағамы ақырындап түсе бастаған. Сол кезде Ұлттық банк теңгенің құнсыздануына ішінара мұнай бағасының төмендегені әсер етті деп мәлімдеді. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов жыл аяғына қарай сатып алу, тендер, аукциондар өтеді, түрлі инвестиция және инфрақұрылым жобаларына бөлінген қаржы игеріле бастайды, мұндай жобалар импортқа қатты тәуелді болғандықтан, валютаға сұраныс артып келеді деп айтқан.
ПІКІРЛЕР