18 қарашада Еуроодақ пен Ұлыбритания Украинаға басқыншылық соғысын жүргізіп жатқан Ресейге көмектескен Иранға қарсы санкциясын жаңғыртты. Бұл жолы ресейлік кемелер мен көлік компанияларына санкция салынды.
Еурокомиссия теңіз жолымен жүк таситын Иран компаниясы мен оның директоры, сондай-ақ Каспий теңізіндегі сауда кемелері мен порттар санкция тізіміне енгізілді деді. Онда ресейлік "МГ-Флот", "ВТС-Брокер" және "Арапакс" компаниялары бар. Астраханда тіркелген бұл компаниялар жүк тасумен айналысады. Олар Иран қару-жарағын, соның ішінде дрондар мен оның бөлшектерін Каспий теңізімен Ресейге жеткізуге қатысқан деп айтылған.
Ұлыбритания Иранның мемлекеттік Iran Air әуекомпаниясына, мемлекеттік теңіз тасымалы компаниясына және ресейлік "Порт Оля-3" кемесіне санкция салған.
Батыс елдері Иранды Ресейге "Шахед" дрондары мен баллистикалық зымырандар жеткізді деп айыптаған. Ресей әскері Украинаға қарсы соғыста дрондарды көп қолданып жатыр. Ресейде "Герань-2" деп аталатын осындай дрондар құрастырылады. Иран Украинада соғыс басталғаннан кейін Тегеран Ресейге дрондар мен баллистикалық зымырандар жеткізді деген ақпаратты жоққа шығарған.
Еуроодақ пен Ұлыбритания бұған дейін Мәскеу мен Тегеранның әскери саладағы әріптестігіне байланысты Ресей мен Иран компанияларына санкциялар салған.
Қазір Ресей мен Иран екі ел арасында стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қоюға дайындалып жатыр. Бұған дейін Ресей мен Солтүстік Корея арасында осындай атаумен жасалған келісім шын мәнінде әскери одақ құруды көздейді. Ресей мен Иран келісімі жобасында мұндай тармақ бар-жоғы әлі белгісіз.
ПІКІРЛЕР