Accessibility links

Саха белсендісі билік өкілдері өзін Ресейге бермек болғанын айтты


Соғысқа қарсы шыққан саха белсендісі және панк-музыкант Айхал Аммосов
Соғысқа қарсы шыққан саха белсендісі және панк-музыкант Айхал Аммосов

Ресейдің Украинаға қарсы соғысына қарсы шыққан саха белсендісі әрі панк-музыкант Айхал Аммосов (төлқұжаттағы аты-жөні – Игорь Иванов) "Медиазона" сайтына берген сұхбатында Қазақстанда бір жыл қамауда отырып шыққан соң өзін сол елдің билік өкілдері қайтадан ұстап, ресейлік әріптестеріне беруге тырысты деп мәлімдеді. Ол өзін Якутскіге әкетпекші болған деп топшылайды. "Медиазонаның" хабарлауынша, Ресей қауіпсіздік қызметкерлері бұған дейін ТМД елдерінде жүрген ресейліктерді бірнеше рет ұрлап алып кеткен. Аммосов өзін Алматыда қамауда отырғанда танысқан әзербайжандар алып қалғанын айтқан.

Аммосовтың сөзінше, қамаудан босап шыққаннан кейін оған екі полиция қызметкері келіп, белсендіні көші-қон полициясына апаратынын айтқан.

"Якутиядан мені алып кетуге адамдар жіберді деп топшыладым. Кейін қамауда бірге отырған әзербайжан достарыма хабарластым", – деді Аммосов.

Белсендінің айтуынша, полиция қызметкерлері оны көші-қон бөліміне апарғанда Әзербайжан таныстары бірнеше көлікпен келіп, полиция көлігін қоршап, олар мен полицейлер арасында диалог болған. "Кейін көші-қон бөлімінен бес күнге уақытша тұруға рұқсат алып шықтым" деді ол.

Оның сөзінше, осы оқиғадан кейін құқық қорғаушылар оған гуманитарлық виза бойынша Германияға кіруге қажет құжаттар дайындап берген, сол арқылы белсенді Қазақстаннан шығып кеткен. Ресей қауіпсіздік күштері оны Қазақстанда қайта ұстамақ болды ма, жоқ па, Аммосов ол жөнінде айтқан жоқ. Бұл оқиғаны растайтын басқа дереккөз әзірге жоқ, Қазақстан билігі Аммосовтың ісіне, оны Ресейге беруге қатысты пікір білдірген жоқ.

Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы Аммосовтың сөзін растаған жоқ. Бюро директоры Денис Дживага Азаттыққа берген пікірінде Аммосовтың Қазақстаннан кету мәселесі ол қамауда отырған кезде шешілген деп айтты.

"Қамаудан шыққаннан кейін оны көші-қон полициясы қызметкерлері ұстап, деректерді жазып алып, оны шығару керек екенін түсіндірген. Әзербайжандар туралы естіген жоқпын. Оны Якутияға бермек болды дегені бос сөз. Онымен қылмыстық полиция айналысады, ал Аммосовты көші-қон полициясы ұстап, сол күні босатты. Кейін біздің заңгерлер оның елден шығу визасына көмектесті, бұл іс Бас прокуратура, шекара қызметі, ішкі істер министрлігімен келісілді. Неміс консулдығынан құжаттар алғаннан кейін ол [Қазақстаннан] тыныш кетті", – деді Денис Дживага.

Аммосов Ресейден Қазақстанға 2022 жылы желтоқсанда келген. Ресейде оның үстінен "Ресей армиясының беделіне нұқсан келтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Белсенді Ресейдің Украинаға қарсы соғысын айыптаған.

Белсенді 2022 жылы тамызда Якутияға Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин келгенде Yakutian punk against war ("Саха панкі соғысқа қарсы") деген жазуы бар баннерді қала орталығындағы ғимаратқа ілмек болған. Ол сонымен бірге жерлеу қызметін көрсететін мекеменің алдында "Жених приехал" (күйеубала келді) деген жазуы бар плакат ұстап шыққан. (Бұл ресейлік режиссер Алексей Балабановтың "Груз 200" фильміне сілтеме).

2023 жылы сәуірде Росфинмониторинг оны "экстремистер мен террористер" тізіміне енгізген. Кейін оған қарсы "терроризмді ақтау" бабымен қылмыстық іс қозғалды. Сол жылы қазанда ол Ресей билігінің сұрауымен Қазақстанда ұсталып, қамауға алынды. "Ресей армиясының беделіне нұқсан келтіру" бабына қарағанда, Аммосовқа тағылған террорризм айыбы Қазақстан және Ресейдің Қылмыстық кодексінде бар және ол бойынша екі ел азаматтарды бір-біріне экстрадициялай алады. Бұған дейін құқық қорғаушылар мен жақтастары содан қауіптенген еді.

2023 жылы қарашада Айхал Аммосов Қазақстанда "пана іздеуші тұлға" мәртебесіне ие болды. Биыл қазанда қамаудан босап шыққан соң қарашада Қазақстаннан Еуропаға кетті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG